Республикалық ғылыми жобалар конкурсын өткізу туралы баспасөз хабарламасы

10.02.2020

Ғылым мен білімді интеграциялау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» Республикалық ғылыми-практикалық орталығы жыл сайын жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар конкурсын өткізеді (бұдан әрі - Конкурс). Биыл конкурс Алматы қаласы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың базасында 11 -14 ақпан аралығында өтеді.

Конкурс оқушылардың жаратылыстану ғылымдарына қызығушылығын арттыру және жоғары сынып оқушыларын ғылым мен техниканың әр түрлі салаларындағы шығармашылық қызметке тарту мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының қамқорлығымен өткізіледі. Қазылар алқасының құрамына жетекші отандық жоғары оқу орындарының: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті,  Қазақстан-Британ Техникалық университеті, Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті және т.б. жоғары оқу орындарының өкілдері кіреді.

Республикалық ғылыми жобалар конкурсы – «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы Қазақстан дамуының экономикалық және әлеуметтік модельдері» тақырыбы аясындағы оқушылардың ғылыми зерттеулер конкурсы. Конкурс төрт бағыт бойынша өткізіледі: «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары».

Конкурстың қорытынды кезеңінде 751 жас зерттеушілер 590 ғылыми жобаларын қорғайды. Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздардан тұратын еліміздің құрама командасы 10-15 мамыр аралығында Анахайм қаласында (Калифорния штаты) өткізілетін жыл сайынғы ISEF-2020 оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсына өз жұмыстарын  ұсынады.

Конкурсты өткізу Ережесіне сәйкес жеңімпаздар мен жүлдегерлер  ҚР Білім және ғылым министрлігінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталады.

Конкурстың ашылу рәсімі 2020 жылғы 11 ақпан күні сағат 14.00-де Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткізіледі.

Конкурстың жабылу рәсімі 2020 жылғы 14 ақпан күні сағат 10.00-де Ө.А.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында өткізіледі.

Биыл оқушылардың жобаларын қорғауда ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында Конкурс онлайн өткізіледі. Бейнетрансляцияға сілтемелер ҚР БҒМ және «Дарын» РҒПО-ның әлеуметтік желілердегі аккаунттарында ұсынылатын болады.

Қосымша ақпаратты төмендегі мекен-жайлардан алуға болады:

Нұр-Сұлтан қаласы, Республика к., 34а, «Дарын» РҒПО, тел. 8 (7172) 29 52 32, 29-50-76

Алматы қаласы, Достық, 124 «Дарын» РҒПО филиалы, тел. 8 (7272) 62-78-62


Сайт картасы

Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі 010000, Нұр-Сұлтан қаласы, Мәңгілік ел к-сі, 8.

Телефон: +7 (7172) 74-24-11