Новый формат ЕНТ

Зүлфия ТӨРЕБЕКОВА: «International Education Fair-2017» білім көрмесі – отандық және шетелдік ЖОО үшін тиімді алаң

12 маусым 2017

Елордада өтіп жатқан EXPO-2017 аясында ұйымдастырылып жатқан көптеген іс-шаралардың қатарында 23-24 маусымда Астанада және 26-27 маусым күндері Алматыда «International Education Fair-2017» халықаралық білім көрмесі өткізілмек. Оның мақсатыәлемдік білім кеңістігіне кірігуді көздеген халықаралық ынтымақтастық мүмкіндіктерін кеңейту. Көрме барысында білім беру ұйымдары өздерінің стипендиалды бағдарламаларын, тағылымдамалық бағдарламаларын, сондай-ақ, коммерциялық негізде оқу шарттарын ұсынады. Көрме туралы және қазақстандық жастар үшін шетелде білім алудың бүгінгі мүмкіндіктері жайында толығырақ ақпарат «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Зүлфия Төребекованың берген сұхбатында.

 

– Зүлфия Темірханқызы, алдағы күндері ашылатын көрме білім беру саласы мамандары арасында қызу талқыланып жатыр. Осы шараның басты ерекшеліктері туралы бірер сөз айта кетсеңіз. Көрменің отандық және шетелдік қонақтарын немен қызықтырмақ?

– «International Education Fair-2017» көрмесінің басты ерекшелігі – оның Еуроодақ және Орталық Азия елдерінің білім беру министрлерінің екінші кездесуі шеңберінде өткізілгелі тұрғанында. Аталған кездесу – біздің елде алғаш рет өткізілетін елеулі оқиға. Шетелдік сарапшылардың айтуынша, біздің еліміз Орталық Азияның білім хабы ретінде мойындалып келе жатыр. Осындай кең диалог құру мүмкіндігін беретін халықаралық платформаны ұйымдастыру мәртебесі Қазақстан еншісіне берілуі де сондықтан. Сонымен қатар, көрме өтетін күндері Астанада Еуроодақ және Орталық Азия елдерінің ЖОО ректорларының форумы өтпек. «International Education Fair-2017» көрмесін ерекшелендіретін негізгі жайт – оның expo-2017 көрмесімен қатар өткізіліп жатқанында. Бүгін Астана бүкіл дүние жүзінің назарында болғандықтан, ұйымдастырып жатқан шарамыз жаһандық білім беру ортасындағы Қазақстан беделін арттырары сөзсіз. Көрмеге 100 астам шетелдік ЖОО, 50-ге жуық білім агенттіктері, сондай-ақ, еліміздің барлық өңір-аймақтарынан білім бөлімдерінің, мектептер мен колледждерінің, ЖОО-ның өкілдері қатысуға ниет білдіріп отыр. Көрме алдына қойылып жатқан міндеттердің бастысы – білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту және халықаралық білім кеңістігіне кірігу процессін одан әрі кеңейту. Біз жастарымыздың шетелде білім алу мүмкіндіктері туралы жақсы ақпараттандырылуын қалаймыз.

– Мемлекеттік білім саласындағы саясат қазақстандықтардың, мейлі, отандық болсын, шетелдік болсын – жоғары білім алу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталып отыр. Осы тұрғыда біздің жастар үшін қай елдер анағұрлым қолжетімді?

– Жоғары білім саласындағы ынтымақтастық құру мүмкіндіктерін қарастыра отырып, біз назарымызды жоғары білімді тегін беретін елдерге басымдық береміз. Мысал ретінде Германия, Франция, Шығыс Еуропа елдерін келтіруге болады. Қазіргі кезде Венгрия жақсы мүмкіндіктер ашып отыр: бұған дейін бұл елдің ЖОО тарапынан бізге 45 орын бөлініп келсе, биылдан бастап бұл сан 200-ге жеткізіліп отыр! Шет елдермен білім саласындағы ынтымақтастығымыздың кеңейіп келе жатқанын көрсететін осындай мысалдар аз емес.  Қaзақстандықтардың шет елдерде білім алу мүмкіндіктері көп. Оқу тек ақылы негізде емес, сонымен бірге үкіметтік гранттар, мемлекетаралық келісімдер аясында бөлінетін шет елдердің гранттары, немесе стипендиалдық бағдарламалар есебінен де ұйымдастырылады. Былтырға дейін  үкіметаралық гранттар саны 300 болса, биыл олар 1000-ға дейін ұлғайып отыр. . Осы жазда Шымкент пен Ақтауда өңір әкімдіктерінің сұрауы бойынша Ресей ЖОО-да оқуға ниетті жастар тесттер тапсырады. Бұл бағыттағы өзара ықпалдастықтың өте белсенді жүріп жатқанын айта кету қажет. Биыл ресейлік оқу орындары біздің елге 700 грант бөліп отыр. Қазақстандықтарға арналған осындай гранттық бағдарламаларды Қытай ЖОО-да да ашылып отыр. Биыл халықаралық келісім бойынша Чехия тарапынан да қосымша 200 грант бөлінбек.

Көрмеге келген әрбір қонақ шет елдерде білім алу мүмкіндіктерінің кеңдігіне көз жеткізе алады. Астанадағы шараға «Болашақ» бағдарламасының әріптестері келеді. Айтпақшы, биыл біздің бағдарламаға 24 жыл толады. Біздің әріптестеріміз АҚШ, Ұлыбритания, Канады, Австралияның ең үздік жоғары оқу орындары. Мысал үшін, биылғы көрме жұмысына Гарвардтың Кеннеди мектебінің өкілдері келіп қатыспақ. Шетелдік әріптестеріміз Қазақстанның адами капиталды дамытуға көп мән беретінін, білім саласына тартып жатқан қомақты инвестициялардың өсіп келе жатқанын көріп отыр. Көрме шеңберінде шетелдік әріптестеріміздің қатысуымен қос дипломдық бағдарламалар тақырыбы талқыланатын «дөңгелек үстел» отырысы өтеді. Соынмен қатар, білім саласында инновациялық тәсілдемелерді дамыту жөніндегі мастер-класстар ұйымдастырылады – оған қатысушылар арнайы сертификаттарды иеленеді. Шараға «Серпін» бағдарламасының әріптес жоғары оқу орындары да белсенділікпен қатысуға ниет білдіріп отыр. Айта кету керек, былтырдан бастап бұл бағдарламаның кураторы ретінде біздің Халықаралық бағдарламалар орталығы  тағайындалды. Жалпы, биылғы шараға 500-ден астам отандық және шетелдік (АҚШ, Ұлыбритания, континенталдық Еуропа және Азия елдері, ТМД) ЖОО, тіл мектептері, білім беру агенттіктері, халықаралық стипендиалдық бағдарламалар өкілдері мен шет елдерде оқуға немесе тағылымдамалық бағдарламалардан өтуге ниетті ЖОО-ның, колледждердің, мектептердің түлектері қатысады деп жоспарлап отырмыз.

– Қазақстандық жастардың шет елдерде білім алу мүмкіндіктерін көрсетумен қатар, шетелдіктерге қазақстандық жоғары білім мүмкіндіктерін насихаттау жоспарда бар ма?

– Өте жақсы сұрақ қойып отырсыз: биыл біз шет елдерде отандық жоғары білім саласын белсенді түрде насихаттауды қолға алдық. Бұл тұрғыда «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-на қазақстандық жоғары білім саласының экспорттық әлеуетін ұлғайту, шетелдік студенттерді тарту (оның ішінде косарланған дипломдық бағдарламаны іске асыру жолымен), үшін маңызы зор функциялар берілді. Осы күнге дейін біз Орталық Азия елдерінде – Бішкекте, Ташкентте, Душанбеде  бірқатар көрме өткізіп үлгердік. Жазғы айларда Тбилисиде, Бакуда, Ереванда, сондай-ақ Ашгабадта, Түркия , Қытай, Моңғолия елдерінің қалаларында осндай іс-шараларды өткізбек жоспарларымыз бар.  Бұған қоса Пәкістан мен Үндістанда көрмелер өткізу мәселелерін ойластырып жүрміз. Орталық Азия елдерінде өткізген көрмелерімізге 100 шақты қазақстандық ЖОО қатысты. Онда 5 мың болашақ абитуриент қатысты! Біз олардың тарапынан қазақстандық жоғары білімге деген шынайы қызығушылық бар екендігін байқадық. Қазақстандағы ЖОО-дар жоғары қарқынмен дамып келеді, олардың халықаралық рейтингтері өсіп, кеңінен танымал болып жатқанын көріп отырмыз.  Көрмелерімізге келгендердің арасында Назарбаев Университетіне, Еуразиялық Ұлттық университетке, Қазақ ұлттық университетіне, КИМЭП, ҚБТУ, Демирел университетіне, М.Әуезов атындағы ОҚМУ және т.б. оқу орындарына келіп білім алуға құштарлы балалар көп болды. Әсіресе өзбек, тәжік, үнді жастары қызығушылық танытып жатты. Егер Қазақстандағы шет елдік студенттер санына қарасақ, біздің елде оқуға ниетті жастардың тек 6% қамтылып отырғанын білеміз.  Бұл көрсеткішті таяу жылдарда  20-30 пайызға дейін жеткізуге мүмкіндіктер бар. Біз отандық жоғары оқу орындарды осы бағыттағы мүмкіндіктерді дамыта түсу үшін, шет елдік жас азаматтардың қазақстандық білім саласына деген қызығушылықтарын арттыра түсу үшін қажетті барлық іс-шараларды қолдануға шақырамыз. Өзбекстанда 1,5 миллион қазақ тұрады. Олардың басым бөлігі Қазақстанда оқуға құштар. Өйткені, Өзбекстандағы жоғары білім алу құны біздікінен екіесеге дейін қымбат. Сондақтан да біздің ЖОО-дар өкілдері шет елдердегі қазақ диаспораларымен тығыз байланыс құра білу керек. «International Education Fair-2017» көрмесінің осы мәселе тұрғысында да, жалпы қазақстандық және шет елдік жоғары оқу орындарының арасында әріптестік байланыстар құрылып, келісімдер жасалатынына септігін тигізетініне кәміл сенемін. Көрме қорытындысында отандық және шет елдік ЖОО араларында меморандумдар бекітіліп, шет елдік унивеситеттер мен қазақстандық білім агенттіктері араларында бірқатар B2B кездесілері өтеді.

– Студенттер үшін өте тартымды – қосарланған дипломдық бағдарламалар жөнінде нақтырақ әңгімелеп берсеңіз?

– Қазақстанда қосарланған дипломдық бағдарламалар магистерлік бағдарламаларға қатысты қолданылады – магистрант бір жыл Қазақстанда, екінші жыл шет елде оқиды. Осылайша, бағдарлама түлегі әріптес ЖОО мен қазақстандық дипломдарға қол жеткізеді. ЖОО-дар қосарланған дипломдар жөніндегі меморандумдарды өзара бекітерден бұрын бір-бірінің оқу бағдарламаларын салыстырып, болашақта екі университетте де есепке алынып, бір адамға екі оқу орнының дипломдарын тапсыруға мүмкіндік беретін кредиттер көлемін белгілейді. Мұндай тәжірибе жастар үшін өте тартымды болса, ЖОО-ның бәсекеге қабілеттіліктерін күшейтеді. Сонымен қатар, бұл «университетте оқып жатқан шетелдік студенттер саны», немесе «академиялық белсенділік шеңберінде шет елдерде оқып жатқан студенттер саны» сияқты  ЖОО-ның рейтингтік бағалануы барысында есепке алынатын маңызды индикаторлардың бірі болып табылады. Алдағы күндері өтетін көрме барысында отандық және ресейлік  оқу орындары өзара қосарланған дипломдар бойынша меморандумдарды бекітеді деп жоспарланып отыр. Осындай өзара құжаттар чех және венгриялық жоғары оқу орындарымен де бекітіледі деп үміттенеміз. Қалай болғанда да, қазір келіссөздер жүріп жатқанын білеміз.

– Зүлфия Темірханқызы, биыл «Болашақ» бағдарламасына 24 жыл толып отыр. Бағдарламаның алдағы бірнеше жалдағы жоспарлары қандай? Елбасының «Болашақ» бағдарламасы түлектерінің бірісіз (Duke University's Stanford School of Public Policy). Сондай-ақ, Сіз Білім және ғылым министрлігінде біраз жыл бойы қызмет етіп, халықаралық бағдарламалардың іске асырылу мәселелері үшін жауапты болып, бүгінгі күні  «Болашақ» бағдарламасының стипендиаттарының оқуларын ұйымдастыру, түлектерімен байланыс құру және Орталықтың шет елдердегі өкілдіктерінің қызметін ұйымдастыру мәселелерін қамтисыз. Сондықтан да болар, біз үшін Сіздің пікіріңіз өте құнды.

– Әрине, «Болашақ» бағдарламасына қатысты барлық мәселелермен етене таныспын. Мен шет елдердің ең үздік жоғары оқу орындарында оқып, елге қайтып оралған дарынды жігіт-қыздарды өте жақсы түсінемін. Қазір болып жатқан оң өзгерістер көп. Мысал үшін, ел өңірлеріне барып, қызмет жасайтындар үшін оқу шығындарын өтеу мерзімі 2 жылға қысқартылып отыр. 24 жылда «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет елдерде оқуға мүмкіндік беретін 12,5 мың стипендия бөлінді. Бағдарлама түлектерінің 40% экономиканың нақты секторында қызмет жасап, елдің өркендеуіне айтарлықтай үлестерін қосып жүр.  Шет елдерде алған білімдерін олар өздерінің жұмыс орындарында, қызметтерінде, салаларында пайдаланып, заманауи тәсілдемелерді енгізу арқылы істің жандануына сеп болып жүр. Елі артқан зор үміттер ақталып жатыр. Алайда, бүгінгі еңбек нарығында сұранысы жоғары мамандар жетерлік. Сондықтан да бұл бағыттағы стипендиялар көлемі азаяды. Есесіне, күш-жігеріміз бен басты назар  отандық жоғары білім саласын, оқу орындарын дамытуға, олардың бәсекеге қабілеттіліктерін күшейтуге, отандық ЖОО-ның әлемдік білім кеңістігіне кірігулеріне, университетаралық ынтымақтастық бағдарламаларының іске асырылуына бағытталмақ.

 

Ләззат ТҮРКІСТАНОВА

Астана