ҰБТ-ның жаңа форматы

Жаңартылған білім беру жүйесі: Тиімді жоспарлау. Ұйымдастыру. Критериалды бағалау

21 маусым 2017

2017 жылдың 20 маусым күні Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Жаңартылған білім беру жүйесі: Тиімді жоспарлау. Ұйымдастыру. Критериалды бағалау» тақырыбындағы педагогтардың І аймақтық форумы болып өтті.

Педагогтардың І аймақтық форумын Атырау мемлекеттік университеті мен Атырау қаласы Педагогикалық шеберлік орталығы бірлесіп ұйымдастырып отыр.

Форумның мақсаты –  жаңартылған білім беру мазмұнын жүзеге асыру қарсаңында мұғалімдердің үздіксіз кәсіби өсуіне қолдау көрсету және мұғалімдерді жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес келетін педагогикалық әдіс- тәсілдермен таныстыру, тәжірибелермен бөлісу.

Аталмыш форумға Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 300-ден аса ЖОО-ның оқытушылары мен мектеп мұғалімдері қатынасты. Пленарлық мәжілісті университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Гүлжан Жарасова құттықтау сөзбен бастады. Әрі қарай Атырау облыстық білім беру басқармасының бастығы Нұрсәуле Сайлауова мен Атырау қаласы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Аида Нуржанова жалғады. Сонымен қатар, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті инновациялық білім беру факультетінің деканы Ляйля Қойшығұлова «Модернизация модели современного учителя», Атырау қаласы педагогикалық шеберлік орталығының директоры Аида Нұржанова «О деятельности филиала Центра педагогического мастерства в условиях обновления содержания образования» және Орал қаласы Педагогикалық шеберлік орталығының директоры Лариса Обыденкина «Опыт построения региональных сетевых моделей поддержки внедрения обновленного содержания образования в  общеобразовательных школах», Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектеп директоры Исмагулова Табила Игенбайқызы  «Бөлінген көшбасшылық – мектептерін басқарудағы жаңа тәсіл» және №17 мектеп-лицей директоры Алмаш Зухра Тоғайбайқызы «Из опыта работы по обновленному содержанию образования. Пилотный проект» тақырыптары бойынша баяндамалар жасады. Пленарлық мәжілістен кейін форумға қатысушылар жоспарланған секция мәжілістеріне қатынасты. 

Форум барысында келесі секциялар бойынша жұмыстар жүргізілді:

  • Бастауыш сынып секциясы;
  • Гуманитарлық пәндер – тілдер /қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі/ секциясы;
  • Тарих-география секциясы;
  • Математика-физика-информатика пәндері секциясы;
  • Химия-биология секциясы;
  • Оқу-әдістемелік секция;
  • Жоғары оқу орнындағы жаңартылған білім беру секциясы.

Секция мәжілістері жұмыстарынан кейін баяндама жасаған қатысушыларға сертификаттар тапсырылды.