ҰБТ-ның жаңа форматы

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті көктемгі су тасқынынан зардап шеккен жерлестеріне қолын созды

21 сәуір 2017

Университетіміздің қызметкерлері, оқытушылары мен студенттері жерлестерінің судан зардап шеккендер қайғысына ортақтасты. Су тасқынының алғашқы күнінен бастап, университет басшылығы мен студенттерінің бастамасымен Ақтөбедегі зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету Штабтары құрылды.

500-ден астам студент  өздерінің еріктілер тобын жасақтап, 3 бағыт бойынша жедел көмек ұйымдастырды: қауіп аймағынан отбасыларды көшіру және тасымалдау; гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде азық-түлік, гигиеналық құралдар, шаруашылық тауарлары мен киімдер жеткізу; зардап шеккендер мен панасыз қалған адамдарды уақытша мекендерде орналастыру пункттерінде жұмыс атқарды.

Табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендердің қатарында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-нің 7 қызметкері мен 8 студентінің отбасылары да бар. Бұл жанұялар университеттің Студенттер үйіне бірден орналастырылды. ЖОО-ның Кәсіподақ ұйымы алғашқы материалдық көмек ретінде 500 мың теңгеден астам, ал, оқу орнымыздың еріктілері психологиялық қолдау және гуманитарлық көмек көрсетуде.

Университет ұжымы бір күндік еңбекақысын Ақтөбедегі зардап шеккен отбасыларға аудару туралы бірауыздан шешім қабылдады.

«Жұбановшылар» қауіп аймағынан 182 отбасыны көшіруге, 56 үйдің тұрмыс бұйымдары мен  жиһаздарын тасымалдауға көмектесіп, құмнан 7 км. бөгет тұрғызу жұмыстарын  жүргізді. Гуманитарлық көмекке жеңіл және жүк машиналарын жіберіп,  №40,  №26, №15 мектептерде орналасқан адамдарға күніне 2 рет гуманитарлық көмек беруде. Сондай-ақ, университет ұжымының ұйымшылдық күшімен жеке гигиена құралдары, шаруашылық тауарлары мен азық-түлік жинақталды.

Психология мамандығының студенттері моральдық қолдау  көрсету, балалардың  көңілін көтеру мақсатында күн сайын олармен түрлі ойын-сауық іс-шараларын ұйымдастыруда.

Көктемгі су апаты тек он мыңдық университет ұжымының рухын ғана емес, барлық қала тұрғындарының күшін жұмылдырды. Студенттер уақытпен, мүмкіндіктерімен санаспай, ақтөбеліктерге көмектесуде нағыз батылдық пен асқан жауапкершілік танытуда.

Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ұжымы көктемгі су тасқынынан зардап шеккен ақтөбеліктер мен қазақстандықтарға бекем болуды тілеп, жаңа мүмкіндіктерге үміт артып, олар жалғыз емес, әрқайсысына үлкен де, кіші де әрдайым қол ұшын созуға дайын екендігін айтады.

Еліміздің жоғары оқу орындары да тыс қалған жоқ, атап айтқанда М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті ректорының кеңейтілген отырысында Ақтөбе облысының тұрғындарына коллективтің бір күндік еңбекақысын аудару бойынша шешім қабылданды. 2017 жылғы 20 сәуірде "Қолғанат Ақтөбе" Қоғамдық қорының есептік қорына 5 млн. теңге көлеміндегі материалдық көмек аударылды.