ҚР Білім және ғылым, Дін істері және азаматтық қоғам, Әділет министрліктерінің Вице-министрлері мектепте діни үлгідегі киімді киюге тыйым салынғанын растады

19 қазан 2016

Бүгінгі күні міндетті мектеп формасына қатысты сұрақтар қазақстандық қоғам үшін көкейтесті мәселелер қатарында қалып отыр.

2016 жылы міндетті мектеп формасы еліміздің 4761 мектебінде енгізілді. Қазақстандағы оқушылардың 76% (2 млн. астам) мектептерде белгіленген форма үлгілерін киіп жүр. Ол республикамыздың бастауыш сыныптарының 100%-да ендірілген.

Алайда, соңғы жылдары білім беру ұйымдары оқушылардың діни үлгіде киіну мәселесіне тап болып отыр.

ҚР заңдарында бұған қатысты нақты баптар белгіленген:

- Қазақстанның білім беру жүйесі зайырлы сипатта (ҚР «Білім туралы» заңының 3 бабы);

- бiлiм беру мен тәрбиелеу жүйесі дін мен діни бірлестіктерден бөлiнген және зайырлы сипатта болады (ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы).

Бұл – зайырлы сипаттағы мектептерде әлдебір дінді тікелей немесе жанама насихаттауға жол берілмейді деген сөз. Осыған байланысты, 2016 жылғы 14 қаңтарда ҚР білім және ғылым министрлігінің № 26 бұйрығымен міндетті мектеп формасы үшін бірыңғай талап қоятын ережелер енгізіле бастады.  Онда мемлекеттік білім беру ұйымдарында қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген ережелерді ұстану қажеттігі айтылған.

Атап айтқанда, мектеп формасы пиджак, жилет, юбка, шалбар, мерекелік жейде, күнделікті жейдеден құралады (қысқы мезгілде: трикотаж жилет, сарафан, водолазка). Ұлдар мен қыздарға арналған шалбарлар еркін тігілген және ұзындығы бойынша тобықты жауып тұрады.

 

Діни атрибуттарды, киім және бас киім үлгілерін киюге жол берілмейді, бұған дейін де рұқсат берілмеген.

 

Белгіленген киім үлгісін сақтау талаптары елімізде қабылданған зайырлылық, тең құқылық қағидаттарына негізделген мемлекет құрылысына сәйкес.  Аталған заң нормаларын орындау барлық конфессия мен этнос өкілдері үшін міндетті.

Сонымен қатар, білім беру мекемелерінің әкімшіліктері бекітілген киім үлгісін ұстануды және діни сипаттағы элементтердің болмауын талап ете алады.