Халықаралық студенттік спорт федерациясының «Университеттік спорт: денсаулық және қоғам болашағы» атты Бүкіләлемдік қысқы конференциясы басталды

03 ақпан 2017

Алматыдағы Қазақ спорт және туризм академиясының базасында  Халықаралық студенттік спорт федерациясының «Университеттік спорт: денсаулық және қоғам болашағы» атты Бүкіләлемдік қысқы конференциясы басталды.  Онда 2 күн бойы  45 елдің студенттік спорттың ұлттық федерация өкілдері, дене шынықтыру және спорт саласының жетекші ғалымдары, дене шынықтыру мәдениеті және спорттық жоғары оқу орындарының ректорлары, жаттықтырушылар мен  қоғам қайраткерлерінің қатысуымен конференцияның мына тақырыптары талқыланады:

  1. Университеттік спорт – денсаулықты нығайту менУниверсиаданың спорттық шыңы жолы;
  2. Спорттағы допинг мәселелері және допингке қарсы технологиялар;
  3. Дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық технологиялар бұқаралықдене шынықтыру мәдениеті мен спорты жүйесінде.

Конференция бағдарламасына сәйкес 5 пленарлық және 2 параллельдік

сессияда 42 баяндама тыңдалады.  Конференцияға ұсынылған баяндамалар мен мақалаларды қорытындылау негізінде қатысушылардың Қарары қабылданады.

          Конференция ғалымдардың спорттық университеттер мен беделді спорттық ұйымдар өкілдері қоғамдастығындағы халықаралық ықпалдастығы жолындағы жаңа қадам болады. Қазақстандағы студенттік спорт қозғалысының дамуына лайықты үлес қосады. Зерттеу нәтижелері мамандардан лайықты бағасын алып, студенттік спорт тәжірибесіне енгізіледі.

Конференцияны Халықаралық студенттік спорт федерациясы (FISU), Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрлігі, Қазақстанның студенттік спорт федерациясы бірлесіп ұйымдастырды. Ұйымдастыру комитетінің төрағасы – ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев.

Конференцияны FISU Білім беру комитеті төрағасы Верена Бурк ашып, өзінің құттықтау сөзінде спорт пен қоғамды дамытудағы білім берудің маңызын атап өтті.

«Көптеген зерттеулер білім берудің компаниялар, ұйымдар және халықаралық экономикадағы тиімділігі мен инновациялық мүмкіндіктерін дәлелдейді. Инновация жасау, білім беру арқылы инновацияға жету, ғылыми зерттеулер, өзара әрекеттестік мүмкіндіктері – бұл спорттағы негізгі аспектілер. Спорттық ғылымдағы зерттеу қорытындылары ұлттық және халықаралық ұйымдар үшін атлеттер, жаттықтырушылар мен билік өкілдерімен бірге жаңа бағыттарды дамытуға көмектесе алады. Спорттық ғылым саласы әралуан, егер біздің конференция бағдарламасына назар аударатын болсақ пленарлық және параллельдік сессиялардан түрлі тақырыптарды көруге болады. Бұл тақырыптардың барлығының бастауы бір – олардың бәрінің университеттік спорт саласындағы атлеттер, жаттықтырушылар, билік құрылымдары мен ұйымдарды дамытуға қатысы бар. Бүкіләлемдік конференция негізгі спорт мәселелері бойынша және әсіресе университеттік спорт бойынша жалпы идеялар мен тәжірибелерді талқылауға,  алмасуға мүмкіндік береді»,  – дейді Бурк ханым.

ҚР Студенттік спорт федерациясы президенті, Қазақ спорт және туризм академиясының президенті Қайрат Закирьянов өз сөзінде келешек ұрпақтың денсаулығын нығайтудағы Универсиаданың маңызына тоқталды: 

 «Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша, адам денсаулығының тек 10-12 %  медицинаның даму деңгейіне, 55-60 %  өмір сүру үлгісіне байланысты. Ұлт саулығы атап айтқанда дене шынықтыру және спорт қызметкерлерінің қолында. Қазақстан, Ресей және өзге де елдерде жүргізілген әлеуметтік зерттеу деректеріне қарағанда,  белсенді өмір салтын ұстанатын балалар мен жастардың үлесі небәрі 18-22% құрайды.  Кемінде 50% оқушылардың  денсаулығында  ақау белгілері бар. Біз жастарды спортқа араластыру міндетін шешуіміз керек және ғалымдардың бұл конференциядағы ұсынымдары өте пайдалы болады. Қазірдің өзінде Қазақстанда Универсиаданы өткізудің арқасында  қазақстандықтардың жаңа жас кумирлері – олимпиада жеңімпаздары пайда болды деп айтуға болады. Бұл біздің жастарды спортпен айналысуға тартады. Біз FISU-мен бірге жақсы өнім – саламаты қоғам формуласын жасаймыз, ал біздің өнімдерді сатып алушылар әрдайым табылады»,  – дегенді айтады Закирьянов мырза.

ҚР Білім және ғылым вице-министрі Эльмира Суханбердиева университеттік спортты дәріптеу үшін қабылданатын мемлекеттік шаралар туралы айтты.

«Еліміздің студент-спортшылары үшін спортпен айналысуды оқуымен оңтайлы байланыстыруға мүмкіндік беретін жағдай жасалған. «Білім туралы» ҚР Заңына қосымшалар енгізілді, оған сәйкес Қазақстан, Азия чемпионаттарында  жүлделі орын алған жас спортшыларға «Дене шынықтыру мәдениеті және спорт»  мамандығына конкурссыз оқуға қабылдануға құқық беріледі. Студент-спортшыларды ынталандыру үшін ҚР Үкіметі Дүниежүзілік универсиадалардағы жоғары нәтижелеріне лайықты сыйақы төлеуді бекітті», – деді Суханбердиева ханым.

Вице-министр сондай-ақ, студенттік спортты дамытудың мәліметтерімен де бөлісті.

          «ҚР Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап студенттік спортты дамытуға мемлекет зор көңіл бөлуде. Қазақстанның студенттік спорт құрамасы 1993 жылдан бері дүниежүзілік универсиадаларға қатыса бастады және қазіргі таңда әлемнің мықты студенттік командаларының қатарына кіреді. Дүниежүзілік жазғы және қысқы универсиадаларда Қазақстан құрамасы 36 алтын, 45 күміс және 51 қола медаль жеңіп алды. 2015 жылы университеттердің спорттық клубтары Дүниежүзілік универсиадалар бағдарламасына кіретін спорт түрлері бойынша Студенттік лигалар құрды. Студенттік лигалар ҚР Білім және ғылым министрлігінің  қолдауымен еліміздің барлық жоғары оқу орындарының қатысуымен өтеді. 2016 жылы Қазақстан спортшылары  футбол мен бокс бойынша Азия чемпионаттарына, күрес пен шағын футбол бойынша Әлем чемпионаттарына қатысты. Қазақстан 2018 жылы студенттер арасында шағын футболдан Әлем чемпионатын өткізу құқын жеңіп алды»,  – деген Эльмира Суханбердиева статистикалар мен соңғы ағымдарды атап өтті.