Новый формат ЕНТ

Астана қаласындағы Халықаралық мектептің PYP көрмесі

17 сәуір 2017

11-12 сәуір күндері «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының филиалы – Астана қаласындағы Халықаралық мектепте 5 сынып оқушыларының РYР көрмесі өтті. Көрме бастауыш мектеп пен PYP бағдарламасын тәмамдауға орай ұйымдастырылды  (Primary Years Programme - жеткіншекті зерттеуші ретінде дамытуға баса мән беретін 3 пен 12 жас аралығындағы балаларға арналған бағдарлама).  

PYP көрмесі мектептің бастауыш сынып оқушыларының өміріндегі ең бір ерекше уақиғаға айналды, себебі іс-шара балалардың бірігіп орындайтын пәнаралық зерттеу жұмыстарын ұсынды. Осы зерттеулер барысында оқушылар түрлі пәндер бойынша бастауыш сыныптарда жинақтаған білім, біліктілік дағдыларын көрсете алды. Осылайша олар «Халықаралық Бакалавриат» бағдарламасы бойынша білім алушының, яғни IB оқушысының үлгісіне тән қасиеттерді белсенді түрде танытып отыр, сондай-ақ адамдарға, қоршаған ортаға деген оң пейілдері мен өз оқуларына деген дұрыс көзқарастарын көрсетуде.

Іс-шараның ашылу салтанатында мектеп директоры Бауыржан Ұзақбай ең алдымен қатысып отырған көрермендерді оқу орнының жаңа мәртебесі – «Халықаралық Бакалавриаттың бастауыш және мектепке дейінгі білім беру бағдарламасы бойынша авторизацияланған мектеп» атағын алғанымен құттықтап, ұйымдастырылып отырған көрме жолдың дұрыс таңдалғанын байқатады деп қайырды. PYP координаторы Майра Құнанбаева өз кезегінде осыншалықты қысқа мерзімде, бұл бағдарламамен үш-ақ жыл бойы оқып келіп, балаларымыз өте жақсы нәтижелер көрсетіп үлгерді, олар осыны бүгін паш етпек деп қосты.

Көрме бірнеше пәнаралық тақырыпты қозғады. Олар жаһандық маңызы бар, еліміздің жергілікті ерекшеліктеріне сүйенген бір ғана ортақ идеяға бағынған. Көрмеге шығарылған жоба жұмыстарының тақырыптары әртүрлілігімен көзге түсті. Олар: қымыз, кондитерлік өнімдер жасау, тамшылатып суару, тігін ісі, сүт өнімдері, спорттағы технологиялар, өсімдіктану және мал шаруашылығы, кір жуатын машина, диірмендер, биогаз, агротехника, қысқа толқынды пеш, суды тазарту, стоматология, эко-үйлер және дабыл жүйесі. Тақырыптар белгілі бір шарттарға сәйкес таңдалған. Бір жағынан, тақырып 10-12 жастағы зерттеушілер үшін маңызды болуы тиіс, бір жағынан – басқа адамдарға, мәселен, ата-аналар, мұғалімдер мен жергілікті қауымға да көкейтесті көрінуі керек.

Көрмеге қойылған экспонаттар мен презентациялар ешкімді бейжай қалдырмады. Ата-аналардың көпшілігі мұғалімдер мен мектеп әкімшілігіне алғыстарын білдірді. Олар балаларының үш тілде бірдей сөйлеп, өз бетінше зерттеу жүргізіп, топ болып жұмысқа кірісу дағдыларын үйреніп жатқандарына риза болғандарын айтып ақтарынан жарылды. 

5 «D» сыныбының оқушысы Алихан Нишанбаевтың анасы Светлана Каплина былай дейді:

-Менің ұлым айналысқан тақырып: «Тамшылатып суару». Өте қызық тақырып екен. Менің балам топтық жобасын ұсынуға дайындалып жүргенде, мен оның зерттеуші болып келе жатқанын байқадым, мінсіз презентация жасасам деп қаншалықты құлшынғанын көрдім. Жеке тұлғаның жетіліп келе жатқаны байқалды. Жаңадан не білдім дейсіз бе? Оның жобасының арқасында мен сумен бірге минералды заттар сіңетінін және мұны қадағалап басқарып отыруға болатынын білдім. Ал тамшылатып суару әдісін болса өткен ғасырда-ақ ойлап тапқан екен. Басқа жұмыстарды айтар болсақ, Қазақстандағы тігін ісінің дамуы жайлы тақырып аса қызықты болды, балалар тіпті карта құрастырыпты. Тағы бір ұнаған тақырып: «Ақылды үй». Бұл арада да балалар жақсы дайындалыпты: олардың қолында бейнежазбалар мен көрнекі бүктемелер болды. Аса жаққан жері сол, олар жай мәліметтерді игеріп қана қоймаған,  керек жерлерге саяхаттап барып келген. Мысалы, тамшылатып суарумен айналысқан біздің тобымыз жылыжайға барып келді. Біреулер «Жасыл кварталға» ақылды үй көруге барды және сол сияқты. Әрбір бала ненің қалай жұмыс істеп, неден құралатынын өз көзімен көре алды.  Осындай іс-шаралар біздің балаларымызды дамытады: шаршы топ алдында сөз сөйлеуді, бейтаныс адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретіп отырады. Мұндай істер көбірек болуы керек. Біз болсақ өз тарапымыздан оларды қолдауға, қашанда келіп, белсенді түрде атсалысып тұруға дайын тұрамыз. Мектепке өсіп-өнуін тілейміз. Тұп-тура екі күннен соң осында екінші баламызды әкелмекпіз. Сондықтан мектепке деген ризашылығымыз зор.

Зерттеу жұмысын жасап, көрмеге дайындалуға балалар қаңтардан сәуірге дейін  4 ай уақыттарын жұмсап, мектеп қауымдастығының барлық мүшелерін жұмылдырды. Көрменің барлық кезеңдерін бағалауға тиісті нақты, біріге ойластырылған талаптар оқушыларға жұмыстарын мейлінше нәтижелі ұйымдастырып, мектеп қауымына өз жетістіктерін өте ұтымды көрсете алғандарына септігін тигізді. Айта кету керек, іс-шараға дайындалу кезінде шәкірттер өз беттерімен, жауапкершілікпен әлеуметтік маңызы бар қадамдарға барды, мәселен, өндіріс орындарын аралады. Мұндай экскурсиялардың тарихи не әдеби ескерткіштерге саяхат жасаудан танымдылығы кем болған жоқ, сондай-ақ балаларды ғана емес, оларға ере жүрген ата-аналарды да еліктірді.

Бесінші сынып оқушылары көрменің барша міндеттерін ойдағыдай атқарып шықты деуге әбден болады. Олар тамаша стендтерді безендіріп, декорациялар жасап, өздерінің жобаларының жөн-жосықтарын түсіндіріп, олар туралы үзбей айта беруге әзір болды. Бұл шараға бар өнерлерін салып, белсенділік танытқандары қуантпай қоймады.