ҰБТ-ның жаңа форматы

«Әліппе»/ «Букварь» жобаларының презентациясы бойынша өткізілген жиын туралы

28 ақпан 2017

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылға арналған жұмыс жоспарын орындау мақсатында 2017 жылғы 27 ақпанда Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиевтің басшылығымен
5-6 жастағы балаларға арналған «Әліппе»/«Букварь» жобалары және оқу-әдістемелік кешендерінің жобаларын талқылау бойынша жиын өткізілді.

Жиынға министрліктің, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, Назарбаев Зияткерлік мектебінің, «Балалық шақ» республикалық орталығының, Алматы қаласындағы ЖОО өкілдері, сондай-ақ, Астана қаласы мен Ақмола облысының мектепке дейінгі ұйымдары мен бастауыш сыныптарының педагогтары қатысты.

Жиынға қатысушыларға 5-6 жастағы балаларға арналған «Әліппенің»  және оқу-әдістемелік кешеннің жобасы ұсынылды.

Мектепалды даярлық сыныптары мен 1-сынып педагогтары
«Әліппе»/«Букварь» жобалары мен 1-сыныпқа арналған «Сауат ашу»/«Обучение грамоте» оқулықтарымен сабақтастығын қамтамасыз ету мәселесін талқылады, «Әліппе»/«Букварь» құрылымы бойынша және балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып материалдарды ұсыну туралы ұсыныстар енгізді.

Жиын барысында «Әліппе»/«Букварь» жобаларын әзірлеуге мүдделі баспалар мен авторлардың қатысуымен кезекті жиын өткізу туралы шешім қабылданды.

Сонымен қатар, келесі оқу жылынан бастап 5-6 жастағы балаларға арналған «Әліппе»/«Букварь» жобалары және оқу-әдістемелік кешенді апробациядан өткізу бойынша пилоттық жоба жүргізу және жобаны міндетті түрде министрліктің, «Балалық шақ» орталығының, Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының сайттарында орналастыру туралы шешім қабылданды.